АҚШ Иранның Сирик қаласындағы той өтіп жатқан жерге шабуыл жасады. Салдарынан 50 адам жараланып, тағы 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының басшысы Мохтар Салахшур мен Хормозган провинциясы губернаторының орынбасары Ахмад Нафиси мәлімдеді.
"Қолда бар соңғы ақпаратқа сәйкес, шабуыл салдарынан 4 адам қаза тауып, 50 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайын ескерсек, қаза тапқандар саны артуы мүмкін", – деп хабарлады SNN телеарнасы.
Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы Ирандағы нысандарға бірқатар соққылар жасалғанын хабарлаған еді. Press TV телеарнасының мәліметінше, оңтүстік жағалауда, соның ішінде Кешм аралында және бірнеше қалада жарылыстар естілген.
Айта кету керек, бұған дейін АҚШ-та Трамптың рейтингі төмендей бастағанын жазғанбыз.