АҚШ-тың шешімі Қазақстанға жаңадан қарыз алуға қолайсыз болып тұр – министр

417

Демек әлі де инфляциялық қысым бар.

АҚШ-тың шешімі Қазақстанға жаңадан қарыз алуға қолайсыз болып тұр –  министр Фото: Ашық дереккөзден

Әзірге Қазақстан үшін сырттан қарыз алатындай қолайлы жағдай болмай тұр. Себебі, АҚШ федералдық қор жүйесі пайыздық ставканы өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Демек әлі де инфляциялық қысым бар. Әйтсе де, Ұлттық банк төрағасы елдегі бағаны тұрақты ұстау үшін барын салып жатқан көрінеді. Тіпті ел-ел деп жүріп, шығынға да батқан. Ал алтын өндірушілер Ұлттық банкті алтынды сатып алу құқығынан айыруды ұсынды.

Әзірге Қазақстан доллармен сырттан қарыз ала алмайтын түрі бар. Себебі кешегі АҚШ федералық қор жүйесінің шешімі тоқтау салып тұр. Олар бұрынғы ставканы өзгертпеді. Десе де, мөлшерлеме жоғары күйде қалғанын ұмытпауымыз керек. Өткен жылы наурыз айынан бері тоқтамай 10 мәрте көтерген соң,  ставка 5-5,25 пайыз деңгейіне жетті. Қор жүйесі осымен дамылдмақшы. Бірақ Үкіметтегілер одан Қазақстанға келер пайда болмай тұрғанын айтады.

"Жаңа қарыз алуға әсері бар. Яғни олар азайтатын болса, құнды қағаздардың ставкасы төмендейтін еді. Бізге сыртқы нарықтарға шығуға қолайлы жағдайлар тудыратын еді. Енді біз қолайлы жағдайды көріп тұрған жоқпыз. Күтеміз енді", - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Қазақстан билігі АҚШ-тың ауызын бағып, күзге дейін күтетін сияқты. Себебі, шілдеде қор жүйесі  ставканы көтеріп, тек қыркүйекте түсіруі мүмкін деген болжам бар. Демек инфлациялық қысым әлі де сақталады. Мұны Ұлттық банк те жақсы біліп отыр. Сондықтан тек екінші жартыжылдықта базалық ставканы төмендетпекші. Ал бағаны тұрақты ұстап тұру үшін пайда көрмей, жанталасып жатқан көрінеді. Сөйтіп жүріп Ұлттық банк шығынға батып отыр. 2022 жылы 500 млрд теңге болған. Бірақ бұл жағдай 2015 жылдан бері қайталанып келеді. Содан бергі шығыны 4,2 трлн теңгеге жеткен.

"ӨНДІРУШІЛЕР АЛТЫНДЫ ҰЛТТЫҚ БАНК АРҚЫЛЫ САТУҒА ҚАРСЫ"

Шығынды шығын тарта ма білмедік. Әйтеуір осы Ұлттық банкті алтынды сатып алу құқығынан айыру керек деген ұсыныс айтылды. Бастаманы алтын өндірушілері Астана халықаралық форумда көтерді. Айтуларынша, Лондон қор биржасы мен Ұлттық банктің сатып алу құнында айырмашылық бар. Салдарынан отандық индустрия 8 млрд доллар жоғалтып отыр. Сондықтан алтынды Ұлттық банк арқылы емес, тікелей өздері сатқысы келеді екен.

Өндірушілердің сөзінше, Ұлттық банк алтын-валюта активтерін толықтыру үшін алтынды сатып алу құқығына 94 жылы ие болған. Бірақ тек 2014 жылы белсенді пайдалана бастаған. Өткен жылы 120 тонна алтынды сыртқа сатып, валюта активтерін 7 млрд долларға толықтырған. Яғни олар бастапқы мақсаттарын артығымен орындады деп отыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу