Өзбекстанның Жизақ облысына қарасты Фариш ауданында шағын қуатты АЭС-тің алғашқы реакторына арналған қазаншұңқырды қазу жұмыстары басталды. Бұл туралы елдің Атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Салтанатты рәсім 9 қазан күні Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен "Орталық Азия – Ресей" екінші халықаралық саммиті аясында өткен. Онда Ташкенттегі Ядролық медицина орталығының құрылысы ресми түрде басталғаны айтылды. Іс-шараға "Өзатом" агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев пен Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысқан.
АЭС жобасы белсенді құрылыс кезеңіне өтті. Агенттік мәліметінше, бұл 2026 жылдың наурыз айына жоспарланған негізгі кезеңнің, яғни "алғашқы бетон құюға" дайындық жұмысы болып саналады.
АЭС құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілмек. Алдымен шағын қуатты реакторлар іске қосылады, кейін үлкен қуатты реакторлар пайдалануға беріледі.
Өзбекстанда АЭС салу жобасы МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте агенттік нормативтік-құқықтық базаны дайындаудан бастап, ұлттық ядролық инфрақұрылымды қалыптастыруға және жобалау мен пайдаланудағы қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсететіні туралы айтылған.
Айта кету керек, бұған дейін елімізде АЭC атауына қатысты халықтан 20 мыңнан астам ұсыныс түскенін жазған едік.