Төменде Таяу Шығыстағы маңызды әскери базалар келтірілген. АҚШ президенті Дональд Трамп ирандықтарды наразылықты жалғастыруға шақырып, "көмек бара жатқанын" мәлімдеді. Содан кейін, Иран Американың шабуылына ұшыраған жағдайда, Құрама Штаттардың осы аймақтағы базаларына соққы беретінін ескертіп отыр.
БАХРЕЙН:
Мұнда АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флотының штаб-пәтері орналасқан. Оның жауапкершілігіне Парсы шығанағы, Қызыл теңіз, Араб теңізі және Үнді мұхитының кейбір бөліктері кіреді.
КАТАР:
Ел астанасы Доханың сыртындағы шөл далада 24 гектар аумақта "Әл-Удейд" әуе базасы орналасқан. Бұл - АҚШ Орталық қолбасшылығының маңдайалды штаб-пәтері. Ол батыста Мысырдан шығыста Қазақстанға дейін созылып жатқан кең байтақ аумақта АҚШ-тың әскери операцияларына жетекшілік етеді. Американың Таяу Шығыстағы осынау ең ірі базасында шамамен 10 000 адамдық әскер контингент шоғырланған.
АҚШ Орталық қолбасшылығы қаңтар айында аймақтық серіктестерімен бірге "Әл-Удейдте" интеграцияланған әуе және зымыран қорғанысын күшейту мақсатында жаңа үйлестіру ячейкасын (MEAD-CDOC) ашқанын мәлімдеді. Жаңа ұяшық аймақтық күштердің Таяу Шығыстағы әуе және зымыран операцияларын үйлестіру және бөлісу тәсілін жақсартуды көздеп отыр.
КУВЕЙТ:
Мұнда бірнеше кең ауқымды әскери нысандарға АҚШ армиясы орталығының штаб-пәтері саналатын Арифжан лагері, Ирак шекарасынан шамамен 40 шақырым қашықтықта орналасқан "Әли әс-Салем" әуе базасы кіреді.
АҚШ армиясының веб-сайтына жүгінсек, тағы бір база - "Бухринг" лагері 2003 жылғы Ирак соғысы кезінде құрылған және ол Ирак пен Сирияға орналастырылған америкалық армия бөлімшелері үшін бастапқы бекет саналады.
БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ:
БАӘ астанасы Әбу-Дабидің оңтүстігінде орналасқан және БАӘ әуе күштерімен ортақ пайдаланылатын "Әл-Дхафра" әуе базасы - АҚШ әуе күштерінің маңызды орталығы. Ол “Ислам мемлекетіне" қарсы негізгі миссиялар мен аймақ бойынша барлау операцияларын жүргізуге көп қолдау көрсетті, деп хабарлайды АҚШ әуе күштерінің орталық қолбасшылығы.
Дубайдағы "Джебел Әли" болса, ресми әскери база саналмаса да, - АҚШ Әскери-теңіз күштері кіретін Таяу Шығыстағы ең үлкен порт. Сонымен қатар, ол АҚШ-тың әскери және басқа да кемелерін үнемі қабылдап отырады.
ИРАК:
Ақ үйдің мәліметі бойынша, АҚШ осы елдің батысындағы Анбар провинциясындағы "Айн әл-Асад" әуе базасында Ирак қауіпсіздік күштерін қолдап, НАТО миссияларына үлес қосады. 2020 жылы АҚШ ирандық генерал Касем Сулейманиді өлтіргеннен кейін Тегеран кек алу мақсатында дәл осы базаға шабуыл жасағаны белгілі.
Ирактың солтүстігіндегі жартылай автономиялық Күрдістан аймағында орналасқан Эрбил әуе базасы АҚШ пен коалициялық күштерге оқу-жаттығулар мен жауынгерлік жаттығулар өткізу орталығы ретінде қызмет етеді. Конгресс кітапханасының 2024 жылғы есебіне сәйкес, бұл база Ирактың солтүстігінде оқу-жаттығулар, барлау ақпараттарымен алмасу және логистикалық үйлестіру үшін қауіпсіз орын ретінде АҚШ әскери күштерін қолдап келеді.
САУД АРАБИЯСЫ:
Ақ үйдің хатына сәйкес, мұнда 2024 жылы саны 2321-ге жеткен АҚШ сарбаздары Сауд Арабиясы үкіметімен операцияларын үйлестіре отырып, әуе және зымыранға қарсы қорғаныс мүмкіндіктерін қамтамасыз етіп, АҚШ әскери ұшақтарының жұмысына көмектесіп отырады.
Саудиядағы америкалық әскерилердің кейбіреулері әр-Риядтан оңтүстікке қарай шамамен 60 шақырым жерде АҚШ армиясының әуе қорғаныс құралдарын, соның ішінде Patriot зымыран батареялары мен биік таулы аймақтардағы қорғаныс жүйелерін қолдайтын "Ханзада Сұлтан" әуе базасында орналасқан.
ИОРДАНИЯ:
Бұл корольдіктің астанасы Амманнан солтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жердегі Азрак қаласындағы "Муәффақ әс-Салти" әуе базасында АҚШ Әскери-әуе күштері орталығының 332-ші әуе экспедициялық бөлімшесі орналасқан.
ТҮРКИЯ:
Түркия мен АҚШ осы елдің оңтүстігіндегі Адана провинциясындағы "Инджирлик" әуе базасын бірлесіп басқарады. Мұнда АҚШ-тың ядролық оқтұмсықтары орналасқан және де бұл база Сирия мен Иракта "Ислам мемлекетімен" күресте халықаралық коалицияны қолдау үшін пайдаланылған. Сондай-ақ, "Инджирликте” АҚШ әскери күштерінің 1465 мүшесі қызмет етіп жатыр.