"Ақшаны алған соң байланысқа шықпайды": ІІМ қысқы дөңгелек сататындардың айласы туралы ескертті

122

Күн суытып, автокөлік шиналарын ауыстыру науқанында жүргізушілер кейде алаяқтардың арбауына түсіп жатады.

"Ақшаны алған соң байланысқа шықпайды": ІІМ қысқы дөңгелек сататындардың айласы туралы ескертті Фото: gov.kz

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі интернет арқылы қысқы дөңгелектерді сату кезінде жасалатын алаяқтық туралы ескертті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алаяқтар интернет-платформаларда, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде қысқы шиналарды қолжетімді бағамен сату туралы хабарландырулар жариялайды.

Өздерін сатушы ретінде таныстырып, тауарды брондау үшін алдын ала төлем жасауды немесе ақшасын толық аударуды ұсынады. Бұл ретте сұраныстың жоғары екенін және шиналардың саны шектеулі екенін алға тартады.

Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шықпай, сатып алушыларды бұғаттап, хабарландыруларын өшіріп тастайды. Соның салдарынан азаматтар тауарсыз қалып, ақшасынан айырылады.

Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында мынадай сақтық шараларын ұстану ұсынылады:

  • тауарды қолыңызға алмай тұрып, бейтаныс сатушыларға алдын ала төлем немесе толық сомасын аудармаңыз;
  • бағасы тым төмен ұсыныстарға сенбеңіз;
  • мүмкіндігінше шиналарды ресми дүкендерден және сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз;
  • төлем жасамас бұрын тауардың бар-жоғын және жай-күйін жеке тексеріңіз;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, банк деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеңіз.

"Төмен баға мен тез алдын ала төлем жасауды талап ету интернет-алаяқтықтың белгілері болуы мүмкін. Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, дереу полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз. Ішкі істер министрлігі азаматтарды интернет арқылы сауда жасау кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады", – деді ведомство өкілдері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу