Ақтау гарнизонының 200-ден аса сарбазы Жауынгерлік тумен қоштасты

148

Қызметін адал атқарған сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. 

Ақтау гарнизонының 200-ден аса сарбазы Жауынгерлік тумен қоштасты Фото: Қорғаныс министрлігі

ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Мерзімді әскери қызметті аяқтаған сарбаздарды 51809 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Нұржан Сүлейменов құттықтады.

Сонымен қатар 217 сарбаздың бесеуіне штаб бастығы еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға грант сертификаттарын берді. Олардың қатарында ақтаулық қатардағы жауынгер Әлихан Ғасанов та бар. Ол он екі айдағы қызмет барысында тәртіптілігімен және жауынгерлік дайындықтағы үздік нәтижелерімен көзге түскен.

– "Сарбаз 2.0" бағдарламасына қатысып, жақсы ұпай алдым. Енді мен Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне құрылысшы мамандығына түскім келеді. Әкем сияқты құрылысшы болам, – деді қатардағы жауынгер.

Естеріңізге сала кетсек, әскери дайындықта үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орындарында білім алуға грант беру жөніндегі Қорғаныс министрлігінің бастамасы заң жүзінде бекітілген. Таңдау критерийлерінің негізгісі – жауынгерлік даярлық көрсеткіштері, тәртіп, психологиялық тұрақтылық және қызметтік міндеттерді сапалы орындау.

Ал Ақтөбе облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Ярослав Щетинин әскери қызметін келісімшарт негізінде жалғастыруды ұйғарды. Командирлеріне үйреткені мен жинаған тәжірибесі үшін алғысын білдірген Ярослав қысқа демалыстан кейін Мұғалжар ауданының Жем қаласында қызметін жалғастырмақ.

Қазан айының басынан бері Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінен мерзімді қызметін аяқтаған 1000-ға таяу сарбаз запасқа шығарылғанын атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу