Құжат 2025 жылғы 25 желтоқсанда, апаттың 1 жылдығына орай шығарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еске салсақ, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку-Грозный бағыты бойынша J2-8243 жолаушылар рейсін орындап келе жатқан ұшақ Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, оның ішінде 3 экипаж мүшесі, ал 29 жолаушы түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен құрылған комиссияның бақылауында. Комиссия құрамына Әзербайжан, Ресей, Бразилия елдерінің уәкілетті өкілдері, сондай-ақ ИКАО бақылаушысы енгізілген. Алдын ала есеп 2025 жылғы 4 ақпанда жарияланған.
Тергеу барысында не анықталды?
Комиссия ұшу деректерін, экипаж бен әуе қозғалысын басқару диспетчерлері туралы мәліметтерді, метеорологиялық ақпаратты және техникалық қызмет көрсету құжаттарын толық жинап, талдаған. Ұшу деректерін тіркеуші (FDR) мен борттық сөйлесу жазғышы (CVR) оқылып, дешифрланған.
Апат орнында әуе кемесінің сынықтарына егжей-тегжейлі тексеру жүргізіліп, фото және бейнетіркеу жасалған. Табылған бөгде металл фрагменттеріне кешенді сараптама жүргізіліп, жарылғыш заттардың іздері анықталмаған. Үш оттегі баллонында да жарылыс белгілері жоқ екені белгілі болды.
Сонымен қатар, әуе кемесінің зақымдануы оқ-дәрі бөліктерінің зақымдаушы элементтерінен болуы мүмкін деген болжам айтылғанымен, олардың нақты қайдан шыққаны анықталмаған. №2 гидравликалық жүйенің түтігінде сыртқы қатты заттардың әсерінен пайда болған зақым табылған.
Қосымша зерттеулер мен жұмыс топтары
Комиссия 2 негізгі жұмыс тобын құрған. Біріншісі – қақтығыс аймақтарының үстінен немесе маңында ұшуларды орындау кезіндегі тәуекелдерді бағалау мәселесін зерттеуде. Бұл бағытта азаматтық және әскери авиацияның өзара іс-қимылы да қарастырылып жатыр.
Екінші жұмыс тобы әуе кемесінің конструкция элементтерін нақты реконструкциялаумен айналысқан. Ақтауда №2 гидравликалық жүйе элементтерінің кеңістіктік өзара орналасуы қалпына келтіріліп, қазіргі уақытта талдау жүргізілуде.
Ал орталық техникалық қызмет көрсету компьютері (CMC) кассетасындағы деректерді қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Бұл бағытта америкалық өндіруші компаниялармен бірлескен зерттеу жоспарланып отыр.
Қорытынды есеп кейін жарияланады
Комиссия барлық қорытындылар тек нақты фактілерге сүйене отырып жасалатынын атап өтті. Тергеу толық аяқталғаннан кейін түпкілікті есеп Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланатын болады.