Ақтау машина жасау зауытының жұмысшылары жалақы талап етуде

1192

Оларға бес айдан бері еңбекақы төленбеген.

Ақтау машина жасау зауытының жұмысшылары жалақы талап етуде

Ақтау машина жасау зауытының екі жүзден астам қызметкері бес айдан бері жалақы алмапты. Айлық еңбекақысын соңғы рет былтырғы қазан айында көрген жұмысшылар прокуратураға шағымданған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Шағымданушылардың бірі Жанар Көкшебаеваның айтуынша, медициналық сақтандыру қорына ақша түспегендіктен олар қазіргі күндері емделе де алмай отыр. Несиелері өтелмей, әбден қарызға батқан.

"Жалақы алып тұрған кезде зейнетақы қорына деп ұсталып отырды. Енді оның да бір жарым жылдың үстінде аударылмағанын біліп отырмыз", - дейді ол. 

Белгілі болғандай, Ақтау машина жасау зауыты 2014 жылы құрылған. Бұл жерде мұнай өнеркәсібіне қажетті қондырғылар құрастырылады. Қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер Ресейден алдырылады. Алайда,  пандемия кезінде кәіпорынға тапсырыс беруші компаниялардың 85 пайызы жұмысын тоқтатқан. Ал бұған дейін алып келген тауарларының құны бірден 85 пайызға өсіп кеткен де, былтырғы бекітілген қаражат көлемі оны жаба алмаған. Карантин кезінде зауыттың өзі екі айға жұмысын тоқтатуға мәжбүр болыпты. Соның салдарынан кейбір келісімдер бұзылып, "жығылған үстіне жұдырық" дегендей, мекемеге айыппұл салынған. 

"Қазір жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жаңадан тапсырыстар іздеп, келісімдер жасап жатырмыз. Келесі аптада ақша түсуге тиіс, қайткенде де жалақыны төлеймін", - дейді "Ақтау машина жасау зауыты" ЖШС директоры Амангелді Тыншимов. 

Зауыт басшысы мұндай жағдайда зауытты банкрот қылып жаба салу оңай жол болғанмен, жұмысшыларының жағдайын ойлағандықтан ондай қадамға бармайтынын айтып отыр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу