Қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша тікелей рейстерді 21 қарашадан қайта бастайтынын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.
Ұшу кестесіне сәйкес, сейсенбі күндері Ақтаудан рейс сағат 05:15-те ұшып, Дубайға 09:50-де қонады. Дубайдан кері рейс сағат 10:55-те ұшып, Ақтауға 17:25-те жетеді.
Сенбі күндері Ақтаудан ұшу уақыты – 07:20, Дубайға қону уақыты – 11:55, ал кері рейс Дубайдан 13:00-де ұшып, Ақтауға 19:30-да жетеді. Уақыт жергілікті уақытпен көрсетілген.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы әскери жағдайға байланысты қазақстандық лоукостер 11 наурызда Дубайға қатынайтын рейстерін тоқтатқан болатын. Алғашқы ретте компания рейстерді 31 наурызға дейін тоқтатса, бұл мерзім кейін бірнеше мәрте ұзартылды.