Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылғы 13 наурызда арнайы экономикалық аймақтарға қатысты өзгерістер енгізу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаулыға сәйкес, "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы Маңғыстау облысында көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мақсатында Мұнайлы ауданының өнеркәсіптік аймағынан (187 га) және "Ерсай Каспиан Контрактор" ЖШС-нен (382,6148 га) жалпы ауданы 569,6148 га жер учаскелерін қосу арқылы ұлғайтылды. Осылайша экономикалық аймақтың жалпы аумағы 10 384,1178 гектарға жетті.
"Ақтау теңіз порты" АЭА Маңғыстау облысының аумағында, яғни Ақтау және Жаңаөзен қалаларының, сондай-ақ Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарының әкімшілік-аумақтық шекаралары шегінде орналасқан.
Сонымен қатар, АЭА-ның жаңартылған аумақтық жоспары бекітілді. Құрылымы бойынша:
- порттық аймақ – 1038,9691 гектар;
- индустриялық аймақ – 7615,1487 гектар;
- логистикалық аймақ – 1730 гектар.
Үкімет қаулысымен 2052 жылға дейінгі жаңа мақсатты индикаторлар да айқындалды. Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 1720 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Тауарлар мен қызметтер өндірісінің көлемі 1703 млрд теңгені құрамақ.
Сондай-ақ АЭА-ға қатысушы компаниялар саны 188-ге дейін өседі, ал құрылатын жұмыс орындарының саны 9900-ге жетеді деп күтілуде. Өндірістегі қазақстандық қамту үлесі 83% деңгейінде сақталады.
Айта кетейік, қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енді.