Ақтауда әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдеріне қол жеткізе алмай әлек

494

Ақтауда келісімшарт бойынша еңбек еткен әскери қызметшілер 10 айдан бері бірыңғай тұрғын үй төлемдерін алмаған.  

Ақтауда әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдеріне қол жеткізе алмай әлек Фото: inbusiness.kz

Олар 51809 әскери бөлімінде қызмет етіп, келісімшарты аяқталған соң жұмыстан шыққан. Желтоқсанда әскери бөлім мен жауапты министрлік барлық есеп-қисапты жабады. Сондықтан да тиесілі төлемді мүлдем алмай қаламыз ба деп алаңдайды олар. Әскерилер құзырлы органға жүгінген, ал 51809 әскери бөлімінің басшылығы ҚР Қорғаныс министрлігіне төлемге өтінім жібергенін алға тартты. Бірақ министрлік қаражаттың жоқтығын айтады. 20 адамнан тұратын наразы топ қаңтар, наурыз айында жұмыстан шыққан 3-4 әріптесіне тиісті ақша неге төленді дейді. Негізі келісімшарт бойынша әскери бөлім әрқайсысының "Отбасы банкіндегі" арнайы жинақ шотына тиісті ақшаны жіберу керек болған.

 “Ақтаудағы 51809 әскери бөлімінде 2014 жылдан бері жұмыс істеп, 2022 жылдың наурыз айында келісімшарт аяқталып, жұмыстан шықтым. Шарт бойынша бірыңғай тұрғын үй төлемін беру керек еді. Бірақ әлі бермеді. Үш кредитім бар. Төрт баланы асырау керек. Менің жұмыс жасаған жылыма және отбасылық жағдайыма байланысты 3 млн теңгедей ақша аудару керек. Қазір жұмыссызбын”,- дейді Миржан Ақажанов.

Айта кетейік, бұл мәселе туралы әскери бөлім де, қорғаныс министрлігі де ресми мәлімдеме берген жоқ.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу