Ақтауда Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-шаралар апталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Экологиялық бастамаларға арналған шаралар 6–12 тамыз аралығында жалғасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген делегациялар, БҰҰ Волонтерлері бағдарламасының өкілдері, Каспий теңізі жөніндегі Тегеран конвенциясының қатысушылары, халықаралық экологиялық ұйымдар мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген еріктілер қатысуда.
Бағдарлама аясында халықаралық экологиялық акциялар, сарапшылардың кездесулері, тақырыптық пікірталастар, хакатондар, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – экологиялық волонтерлікті дамыту және тұрақты даму бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту.
Апталық 12 тамызда өтетін Caspian Talks халықаралық волонтерлер саммитімен қорытындыланады. Саммит барысында Каспий өңіріндегі экологиялық мәселелер талқыланып, апталықтың нәтижелері жарияланады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба халықаралық әріптестікті нығайтуға, волонтерлік қозғалысты дамытуға, Каспий теңізінің экожүйесін қорғауға және экологиялық мәселелерге қоғамның назарын аударуға бағытталған.