Ақтауда депутат спорт секцияларын жабуға қарсы шықты

620

Ол карантиндегі рейд кезінде ұсақ дүкендер тексеріліп, ірі сауда орындары тыс қалады деп санайды.

Ақтауда депутат спорт секцияларын жабуға қарсы шықты

Ақтаулықтар Маңғыстау облысы бойынша бас мемлекеттік санитар дәрігерінің аяқ астынан спорт секциялары мен жаттығу залдарын, дене шынықтыру кешендерін жауып тастаған ережесіне қарсы шықты. Облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев жергілікті басшылықты жұмыс жасағанша жұмыс істеп тұрған мекемелерді жаба салғанды оңай көреді деп сынады. 

"Статистика бойынша эпидемиологиялық жағдайы бізден де нашар аймақтар бар, бірақ, оларда спорт секциялары жұмыс істеп тұр. Одан да бұл жерлерге келушілердің санын шектеп, жұмыс уақытын қысқартқан дұрыс болар еді", - дейді халық қалаулысы.

Одан бөлек, ақтаулық жас гимнасшылардың ата-аналары да екі апталық карантин кезінде спорттық ұйымдар мен үйірмелерді жапқанға қарсы шыққан болатын. Олар инфекциялық дерт  кезінде спортпен айналысуға тиым салу адамдардың денсаулығына, иммунитетін күшейтіп, аурумен күресуіне кері әсерін тигізеді деп шағымданған. 

Қазіргі күні Маңғыстау облысында дене шынықтырумен және сауықтырумен айналысатын мекемелер жұмыс жасап тұр. Іле-шала Атырау облысында да қаулыға қосымша өзгерістер енгізіп, жаттығу залдарының, фитнес орталықтарының, спорт секциялары мен спорттық-сауықтыру орталықтарының, соның ішінде, бассейндердің де қызметіне қайта рұқсат етілді. Алайда, кісі санын 50 пайыз толымдылықтан асырмау, бетперде кию, жиі залалсыздандыру сияқты талаптар сақталуы және жұмыс уақыты азайтылуға тиіс.

Айтқандай, депутат Аббат Өрісбаев карантин кезіндегі рейдтік топтарды "ұсақ сауда орындарын мазалай береді, ірі супермаркеттерге бата алмайды" деп те айыптады. Оның айтуынша, өзі де бірнеше рет рейд құрамында болған, сол кезде тексерушілерге "мына кішкентай дүкендерді айналдыра бергенше, үлкен сауда орындарына барайық" деп ұсыныстар жасаған, сонда полицейлердің олардың кейбіреуіне тіпті кіре де алмайтынын байқаған. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу