Ақтауда дизель тапшылығынан газ да қымбаттады

678

Сұйық отын тек қана талонмен саудалануда.  

Ақтауда дизель тапшылығынан газ да қымбаттады

Ол аз болғандай, енді газ да қымбаттап кетті. Мұнай мен газ өндіретін өңірде мәселенің шешілмеуі сын көтермейді дейді тұрғындар.

Ақтаулықтар солярка іздеп сабылып жүр. Тек талоны бардың айы оңынан туып, литріне 214 пен 225 тг жұмсауда. Ал басқа жерлерде 300 тг асып кеткен. Қазір 19 бекетте дизель сатылып жатыр. Арнайы қорда 170 тн сақтаулы тұр.

"Солярка жоқ. Тек қай жерге барсаң талон сұрайды, қолма қол ақшаға жоқ. Талонмен 214 тг, басқа жерде 300-350 тг", – дейді көлік жүргізушісі Нұржан Құдайбергенов.

Жығылған үстіне жұдырық. Енді газ да қымбаттап барады. Литріне 70 тг сатылуда. Бірнеше күн бұрын 60 пен 65 тг саудаланған еді. Газ өндіретін өңірде бағаның сан құбылуы көлік жүргізушілерін мезі етті.

Көлік жүргізушісі Жолдыбай Сақтағанов: "Соңғы рет 60 тг-ден құйғам, бір апта бұрын. Такси қымбаттайды, басқа зат та қымбаттайды. Газдың түбінде отырып 70 тг болуы ұят сияқты" десе, тағы бір жүргізуші Бейсенбек Бердібеков: "Қаланың іші болғасын ба 70 тг сатылып тұр. Тапшылық қолдан жасалып отыр. Жылда осылай. Күз бен көктемде қымбатшылық", – деп наразылық танытты.

Энергетика басқармасы өкілдерінің айтуынша, сұйытылған газдың 70 тг көтерілуі жаппай емес, кейбір бекеттерде ғана байқалады. Енді әкімдік құзырлы органдардан бағаны қолдан қымбаттатқан кәсіпкерге шара қолдануды талап етуде.

Ал Маңғыстау облысы Энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы Жасұлан Бекболаттың айтуынша, қазіргі таңда мұнай базаларын қосқанда дизель қоры 8915 тн бар. Шамаман 14-15 күнге жетеді. Газды Атырау газ өңдеу зауытынан әкелетін болған соң, кәсіпкер 70 тг көтерген. Өйткені жол шығыны бар. Антимонополияға хат жолдап, шара қолданылады.

Энергетика басқармасының мәліметінше, алда газ толықтай электронды сауда алаңында сатыла бастайды. Сол кезде бағаны нарық реттейді, оны күшпен ұстауға мүмкіндік болмайды. Қалай болғанда да, түбі қымбатшылықтан қашып құтыла алмаймыз деген сөз. 

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу