Ақтауда лицей директорының жұбайы ғимарат ішінде еден жуып жүрген тазалықшыға агрессия көрсетіп, су құйылған шелекті теуіп жіберген, деп жазады inbusiness.kz сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйелдің техникалық қызметкерге дөрекілік танытып, жұмыс құралын аяқпен тепкені анық көрінеді. Оқиға желі қолданушыларының арасында үлкен наразылық тудырып, желідегі жұртшылық бұл әрекетті адамның қадір-қасиетін қорлау және қызметкерді кемсіту деп бағалады.
Оқиға осы жылдың 16 қазанында болған. Білім беру мекемесінің қызметкері директор кабинетін тазалауды өтінген. Алайда, "Тұлпар" мектебінің техникалық қызметкері бұл тапсырманы орындаудан бас тартып, дөрекі сөздер айтқан да, кабинеттен шығып кеткен. Бұған ашуланған әлгі қызметкер тазалықшыға тиесілі су толы шелекті теуіп құлатқан.
Мектепте тазалықшы болып жұмыс істейтін адаммен еңбек шарты жасалмаған. Тараптар арасындағы еңбек қатынастары тек ауызша келісімге ғана негізделген.
Шелекті тепкен қызметкер "Тұлпар" мектебінде факультативтік сабақтар жүргізетін мұғалім екені анықталды. Кәсіби педагогикалық этика нормаларын сақтамағаны үшін оған ресми түрде сөгіс жарияланып, еңбек шарты бұзылды және ол жұмыстан босатылды.
Дөрекілікке тап болған тазалықшы бұдан кейін құқық қорғау органдарына арызданған. Мұндай шешімді Ақтау қалалық білім бөлімі жанынан арнайы комиссия шығарған. Комиссия мүшелері жанжалдың мән-жайын толық зерттеп, оқиғаға қатысушылардың уәждерін тыңдаған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасы хабарлады.
Ведомство өкілдері тексеріс қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.