Маңғыстау облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуір күні сағат 10:30 шамасында зауыт цехтарының бірінде болған.
Алдын ала дерек бойынша, жұмысшылар арнайы қондырғының негізгі конденсаторын қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізіп жатқан.
Жұмыс барысында тұз қышқылы ерітіндісі сорғы арқылы шлангпен берілген. Жұмыс аяқталып, сорғы өшірілгеннен кейін шланг алынған сәтте қышқыл ерітіндісі шашырап, екі жұмысшының беті мен көзіне тиген.
Зардап шеккендер дереу Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.
Жұмыс беруші бұл жағдай туралы белгіленген тәртіпке сәйкес Мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарлаған.
Қазіргі уақытта жарақаттың ауырлық дәрежесі бойынша медициналық қорытынды күтілуде. Егер оқиға ауыр немесе топтық өндірістік жарақат ретінде танылса, мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тергеу жүргізілетіні хабарланды.