Ақтау халықаралық әуежайында кедендік бақылау жүргізу барысында жолаушыдан 28 100 доллар көлемінде қолма-қол шетел валютасы анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.
Белгілі болғандай, "Әуежай-Ақтау" кеден бекетінің қызметкерлері Шекара қызметімен бірлесіп "Ақтау – Тбилиси" халықаралық әуе рейсі бойынша кедендік рәсімдеу жүргізген. Оның барысында К. есімді азамат қолма-қол шетел валютасын декларациялаудың қажеті жоқ деп ауызша мәлімдеген.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен ер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 2 276 753,75 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, 18 100 доллар мемлекет кірісіне тәркіленіп, 10 000 доллар сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін иесіне қайтарылатын болды.
Әуежайда "Ақтау – Кутаиси" рейсімен ұшпақ болған 1991 жылы туған Қазақстан азаматынан кедендік бақылау жүргізу кезінде 12 500 доллар көлемінде жасырын қолма-қол ақша анықталды. Аталған факті бойынша әкімшілік материал сотқа жолданды.