Ақтауда алып қызыл раушан гүл шоғын тіркемемен жеткізбек болған жүргізуші полиция назарына ілікті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 12 қарашада болған.
Көлемі әдеттегі гүл шоғынан әлдеқайда үлкен раушандарды тасымалдаған көлік тәртіп сақшыларының назарын аударған. Романтикалық тосынсый осылай күтпеген жағдайға ұласып, жүргізушінің көлігі айыптұраққа жеткізілді.
– Жүктің романтикалық сипатта болғанына қарамастан, оны тасымалдау қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі тиіс. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Көлік арнайы айыптұраққа қойылды, – деп түсіндірді полиция өкілдері.
Енді ерекше сыйлық иесіне қуаныш сыйламақ болған жүргізушінің өзіне 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл аталған бапта көзделген 5 айлық есептік көрсеткішке тең.
Тәртіп сақшылары әдемі ниеттің өзі жолдағы қауіпсіздік талаптарын елемеуге негіз бола алмайтынын ескертті.
Олардың айтуынша, тіпті ең сәнді сыйлық та жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірмеуі керек.