Ақпаратқа сәйкес, Маңғыстау облысы – еліміздегі сұйытылған мұнай газының (СМГ) ірі тұтынушыларының бірі. Өңірдің ай сайынғы тұтыну көлемі 18 мың тоннаны құрайды.
Өңірге СМГ өнімінің негізгі бөлігі өлкедегі Қазақ газ өңдеу зауытынан жеткізіледі, ал жетіспейтін көлем Атыраудағы зауыттан бөлініп отыр.
– Осы жылдың қазан айында Атыраудағы зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты қажетті 3 658 тонна өнім өңірге Ақтөбедегі зауыттан жеткізілетін болады. Бұған дейін Атырау зауытынан өнімдер автокөлік арқылы тасымалданса, Ақтөбедегі зауыттан тиеп-жөнелту темір жол арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты өнімнің өңірге жету мерзімі аздап кешігіп келеді. Осы себепті, қазан айында сұйытылған газдың тәуліктік жеткізілім көлемі төмендеп, бірқатар газ құю бекетінде көлік кезектері байқалып отыр. Атыраудағы зауыттың жөндеу жұмыстары қазан айының соңында аяқталады. 1 қарашадан бастап сұйытылған мұнай газының жеткізілуі толық қалыпты режимге қайта оралады. Қазір өлкемізге Ақтөбенден 11 вагон келді, келесі 10 вагон 14-і күні жолға шығады, – деген түсініктеме берді ведомство.