"Ақтауға жылына бір рет барамын"

2242

Құлалы аралында маңғыстаулық "Робинзон Крузо" тұрады.

"Ақтауға жылына бір рет барамын"

Маңғыстауда Петр Лупенковты "Робинзон Крузо" деп атайды. Оның Құлалы аралында жалғыз тұрып жатқанына 26 жыл болған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде Құлалы аралының ұзындығы 35, ені 5 шақырым болады. Жалпы алаңы 68 шаршы метр болатын Құлалы бес шағын аралдан тұратын Итбалық алаңдары архипелагына жатады. XX ғасырдың басында бұл жерде итбалық өндірісі өркендеп, жануарлардың майын сақтайтын қоймаларға дейін салынған. 1950 жылдарға дейін балықшылар тұрыпты. 

Сонымен бірге аралда 1937 жылдан бері метеостанция жұмыс істеген, ол 1990 жылға дейін Астрахан гидрометеоорология жөніндегі орталығына қарап, одан кейін "Қазгидромет" құрамына көшкен. Бұдан бөлек, аралдарды ҚР ҰҚК шекара қызметі бақылайды.  

Петр Иванович Лупенков бұдан 26 жыл бұрын Құлалы аралына метеостанцияның әрі бастығы, әрі қызметкері есебінде уақытша келген екен. Кейін аралдың табиғатын ұнатып, осында қалуға бел байлайды. 

"Қалаға жылына бір рет шекарашылардың тікұшағымен немесе кемесімен барып келемін. Бірақ, у-шудан тез шаршап, зерігіп кетемін. Бала кезімнен табиғатқа жақын болатынмын. Мұнда таза ауа, тұмса табиғат, өзімді осы аралдың қожайының сияқты сезінемін", - дейді 55 жастағы Жамбыл облысында туып-өскен азамат.

Оның міндеті - Маңғыстау метеорологиялық стансасының "Құлалы" аралындағы өкілі ретінде әр үш сағат сайын су деңгейін, толқынның биіктігі мен желдің жылдамдығын бақылап, орталыққа хабарлап отыру. Бұл мәліметтер кемелер мен балықшылардың қауіпсіздігі үшін пайдаланылады. 

Өкінішке қарай, Петр Лупенковтың ізбасары саналатын қызметкер қазіргі күні жоқтың қасы. Жұмыс істеп, тәжірибе жинауға келген метеологтар асып кеткенде екі апта болып, одан кейін тұра қашады екен. "Бұл жерде интернет жоқ, ал қазіргі жастар онсыз тұра алмайды ғой", - дейді маңғыстаулық "Робинзон Крузо".

Ол аралда тұрған уақыт ішінде азық-түлік келмей, кеме, тікұшақ қатынасы, байланыс болмай қалған қиын кезеңдерді де басынан өткерген. Сонда да "ел арасына" кетуді ойына алмапты. Ал ең қиналған сәті – аралмен қатынас болмай қалған кезде темекісіз жүрген кезі болыпты.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу