Ақтаулық ата-аналар балаларының онлайн оқуына қарсы

672

Ақтауда болашақ мейірбикелердің ата-аналары балаларының онлайн оқуына қарсы, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.  

Ақтаулық ата-аналар балаларының онлайн оқуына қарсы

Екі жылдан бері қашықтан білім алып жүрген студенттер, болашақта қадірсіз маман атана ма деп алаңдайды. Айтуларынша, жекеменшік медицина колледжі екі жылдан бері сапалы білім бермеген. Ол аздай, былтыр 4 айдың шәкіртақысы да қолдарына тимеген көрінеді.

2 жыл бойы оқыған студенттер қарапайым ине салуды да білмейді. Сондықтан оқу дәстүрлі форматта болсын! Наразы ата-аналардың басты талабы осы. Ашынған топ балаларын тіпті басқа колледжге ауыстыруға дайын. Адам өмірі үшін күресетін мамандықтарды онлайн оқыту ақылға сыйымсыз, дейді.

"Былтыр тәжірибеден өтуге 40 мың төледік. Онысын бір апта балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болумен өткізген. Ол бізге неге керек? Енді қазір массажды онлайн үйретіп жатыр. Медицина қызметкері деген адам өміріне жауап беретін маман ғой. Ертең осылар онлайн болып оқи берсе, қандай маман шығады? Грантпен түскен балаларымызға 4 ай стипендия сірә төленбей қалды", - деп налиды Балжан Тілегенова.

Қазір Ақтау қаласында 27 колледж бар. Оның 12-сі жекеменшік. Аталған медициналық колледжден басқалары түгел дәстүрлі форматқа қайта көшкен. Білім басқармасы колледж басшылығына бірнеше рет ескерту жібергенімен нәтиже жоқ.

Медициналық колледждің бас директоры Майя Ханчевская: "Біз Қаулы шарттарын тағы бір рет қарап, санитар мамандармен ақылдасып, оффлайн оқуды қарастырамыз. Былтыр біз студенттерді тегін оқыттық. Шәкіртақы ала алмады. Педагогтар да 4 ай тегін жұмыс істеді. Жалақы алмадық деп шағымданған жоқ. Биыл да сол жағдай қайталануы мүмкін. Себебі бюджет есебінен бір топ ашылды. Ал денсаулық сақтау басқармасы бізге осы кезге дейін келісімшарт бермей отыр", - дейді.     

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған білім ордасына педогогтардың жалақысы үшін 2 млн тг-ден астам қаржы бөлген. Бірақ колледж басшылығы келісімшартқа әлі күнге дейін қол қоймаған.   

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың айтуынша, 2 млн 115 мың тг төленген. Оған мұғалімнің ақшасын төлей ме немесе шәкіртақыға жұмсай ма колледж басшылығының құзырында. Қаражаттың аз екенін дәлелдеп, заң жүзінде талап етуге болатын еді. Енді келісімшартқа отырмағаннан кейін оған да құқы жоқ болып отыр. Сол себептен бүкіл шығынды өздерінің мойнына алуына тура келеді.

Медициналық колледжде 45 ақылы, 3 бюджеттік топ бар. 1 мыңға жуық студент түрлі мамандық бойынша білім алуда.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу