Ерлі-зайыптылар балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бес бірдей бауырды ажыратпай, түгелдей өз отбасына қабылдап, олардың жаңа өмірге деген үмітін оятты, деп жазады inbusiness.kz сайты Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ләззат Абдашованың сөзінше, шаңырақ құрғаннан кейін 3 жылдан соң тұңғышы дүниеге келген. Содан кейін ерлі-зайыпты 8 жыл бойы сәбилі болуды армандаған. Осы кезеңде олар бала асырап алу порталына тіркеліп, ұсыныс түскенде бес бауырды бірге асырап алуға шешім қабылдаған.
"Бұл балалар бір-бірінен ажырамауы керек деп санадым. Бастапқыда үлкенін басқа отбасыға бермек болғанын естіп, барлығын бірге алуға өтініш білдірдім. Бесеуі де отбасымызға тез үйренісіп, бір-бірімен тату болып кетті. Балалардың жастары қатар болғасын бір-бірімен ойнап жақсы уақыт өткізеді. Балалар бірден мама деп атап кетті. Қазір бәрінің жағдайы жақсы, біз өте бақыттымыз", – деді Ләззат Абдашова.
Отбасының айтуынша, балалардың жағдайын жақсарту үшін қосымша тұрғын үй де сатып алынған.
"Біз өзіміз 5 бөлмелі пәтерде тұрамыз. Бұл балалар да өзіміздің балалармен тең болсын деп үстіміздегі жоғарғы қабаттан 4 бөлмелі пәтер сатып алдық. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, екі пәтерді баспалдақ арқылы біріктіріп, әр балаға жеке бөлме жасауды жоспарлап отырмыз", – деді Ләззат Абдашова.
Бауырлардың үлкені – 15 жаста, кенжесі – 4 жаста. Бүгінде 2 қыз бен 6 ұл мейірімге толы отбасында өмір сүріп жатыр.
Жаңа отбасы мүшелері әрқайсысына қамқорлық пен сүйіспеншілік көрсетіп, қоғамға үлгі боларлық құндылықтарды насихаттап отыр.