Бұған дейін актер Шәріп Серік өзін Бишімбаевпен қатар қойған видео авторына арыз жазғанын хабарлаған едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полицейлер видео авторы, актерді Қуандық Бишімбаевтың қасына отырғызып, видео жасаған контентмейкер Арман Тұрлыбековтің жұмысын толық тексерген. Оның мұндай видео жасауына Шәріп Серіктің бұрынғы ғашығының зорлық-зомбылық туралы хабарлағаны себеп болған. Бейнежазбаның астына ол "Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!" деп жазғанын көпшілік көрді.
Шәріп Серік жасанды интеллект арқылы жасалған видео өзінің ар-намысына тигенін айтқан. Актер қамаудан шыққан соң блогер Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында өзін Бишімбаевпен салыстыру орынсыз екенін және "екінші Бишімбаев" бола алмайтынын ашық айтқан.
Бірақ, полиция видеода жеке өмірге қол сұғылмаушылық немесе басқа құқықбұзушылық жоқ деп есептеген. Сол себепті, іс қылмыс белгілерінің болмауына байланысты қараусыз қалды. "Экс-сүйіктісін ұрып-соқты" деп басы даудан арылмаған Шәріп Серікке уақытында анасы да араша сұраған еді.