Облыс әкімі Асхат Шахаров кеше болған өртке байланысты, қазіргі жағдайы туралы мәлімдеме жасады. Жиында облыс әкімдігі ғимаратының шатырындағы өртке байланысты жағдай қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдайлар департаменті, полиция департаменті және өзге де басқарма басшылары қазіргі ахуал жөнінде баяндады.
"Әкімдік – жай ғана ғимарат емес, бұл өңірдің тұтастай басқару жүйесін жүзеге асыратын нысан. Мұнда әрбір тұрғынның өміріне әсер ететін маңызды шешімдер қабылданады. Бүгін біз төтенше жағдаймен бетпе-бет келдік, алайда ең бастысы – қызметкерлердің қауіпсіздігі біздің басты назарымызда. Барлық қызмет үйлесімді жұмыс жүргізіп жатыр. Біз әкімдік жұмысының қысқа мерзімде қалпына келуін қамтамасыз етіп, жағдайды жою барысы туралы тұрғындарға толық ақпарат береміз", – деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі әкімдік аумағындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, салдары толық жойылғанға дейін өрт сөндіру және жедел қызметтердің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ өрттің шығу себебін анықтау үшін мамандарды тарта отырып жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.