Ақтөбе дәріханаларына 33 миллион теңге айыппұл салынды

697

Бағаны бірнеше рет қымбаттатқан бес дәріхана жұмысы тоқтатылды. 

Ақтөбе дәріханаларына 33 миллион теңге айыппұл салынды

Ақтөбе облысының дәріханаларына пандемия кезінде дәрі-дәрмек бағасын шектік бағасынан негізсіз көтергені үшін 33 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы "Antikor ortalygy" сервистік орталығы жүргізген мониторинг нәтижесінде белгілі болып отыр. 

Қазіргі күні облыста 367 дәріхана жұмыс істейді, оның ішінде, 277-сі Ақтөбе қаласында орналасқан.

Мониторинг қорытындысымен заңға қайшы әрекеттерге барған дәріханалардың үстінен прокуратураның ұйғарымымен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалған. 

"20 шілде мен 11 қыркүйек аралығында 73 әкімшілік іс қозғалып, 32,8 млн теңгеге айыппұл салынды. Олардың ішінде, белгіленген шектік бағаны көтергені үшін салынған айыппұл көлемі 32 млн теңге",  дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов. 

Сондай-ақ, бірнеше рет заң бұзушылыққа барған бес дәріхананың жұмысы сот шешімімен тоқтатылған.

Олар: "Гиппократ", "Аққу" және  "Миллениум" желісінің үш дәріханасы.

Дәрі-дәрмектердің белгіленген шектік деңгейін бірнеше мәрте көтеру деректері 11 фармацевтикалық компанияда байқалған. 

"Рейд кезінде біз "Айболит" дәріханасында 18 600 теңге тұратын дәріні 42 500 теңгеге сатқанын көрдік. Басқа да осындай жағдайлардың болмауын қадағалап, адамдардың арызы бойынша артық төлеген ақшаларын қайтаруына сеп болдық",  дейді "Ақтөбе – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Жанболат Тұртаев.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу