Тексеріс нәтижесінде клуб басшылығы ойыншылардың тамағы мен ұшуына бөлінген 250 млн теңгені мақсатсыз жұмсағаны белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Анықталғандай, спортшылардың тамақтануына арналған қаражат клуб қызметкерлерінің жеке қажеттіліктеріне кеткен.
Сонымен қатар, ұшақ билеттеріне бөлінген қаржы да тиісті мақсатта пайдаланылмаған.
– Тексеру қорытындысында ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру), 361-бабының 4-бөлігінің 1) тармағы (лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану) және 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) бойынша үш бірдей сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды, – деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Аталған істер тергеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында болады.