"Ақтөбе" футбол клубының келесі иесі кім болмақ?

1021

Оның анықталуына аз уақыт қалды.

"Ақтөбе" футбол клубының келесі иесі кім болмақ?

Қолдан-қолға көшкен "Ақтөбе" футбол клубының келесі иесі кім болатыны 28 қазан күні анықталмақ. Осы күні аукцион өтіп, оның нәтижесі бойынша Қазақстанның бес дүркін чемпионы болған футбол клубы сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беріледі. "Ақтөбе облыстық футбол клубы" АҚ лотының бастапқы құны  113,9 млн теңгені құрайды, қатысу жарнасы – 17 млн теңге. 
Қазіргі күні футбол клубы Ақтөбе облыстық спорт басқармасының балансында тұр. Оның капитализациясы 103,8 млн теңгеге бағаланған. 

Оның жаңа қожайынына футбол клубының бағытын сақтау, кредиттік және дебиттік берешектердің жиналып қалуына жол бермеу, клубтың Премьер-лиганың клубтарына қойылатын регламенттеріне сәйкес, барлық қажетті жарыстар мен сайыстарға қатысуын қамтамасыз ету сынды талаптар қойылып отыр. 
Айта кетейік, 2018 жылы "Ақтөбе" футбол клубын спортшы Самат Смақов сенімді басқаруға алған болатын. Ол футбол клубы бойынша өткен үшінші сауда-саттықтың жалғыз қатысушысы болған еді. Алайда бір жылдан кейін клуб қайтадан мемлекет қарамағына өтті. Ал биыл жазда "Ақтөбе" ФК БАҚ және жанкүйерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Әсет Жомарт "Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған қаулысы бар. Сол қаулы тізіміне "Ақтөбе" футбол клубы енген. Клуб сатылымға шығарылуы керек. Маусым айында бағалау, шілде айында комиссия отырысы өтеді. Аукционға шығарыла ма, әлде басқа жолы таңдала ма, содан кейін анықталады" деп мәлімдеген болатын.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу