banner

Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Корея ынтымақтастықты дамытуда

866

Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Корея ынтымақтастықты дамытуда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен "Қазақстан-Корей ынтымақтастығын дамыту орталығы" АҚ-ның директоры Ву Джонг Хи екі жақты әріптестік меморандумына қол қойды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кездесуде облыс әкімі Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы экономикалық қарым-қатынастың жылдан жылға артып келе жатқанын айтты. Оның ішінде Ақтөбе өңірінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

"Сіздердің орталықтарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуда үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Тек қана былтырғы жылдың өзінде біздің өңір мен сіздің мемлекеттің арасындағы сауда-саттық көлемі 100 миллион доллардан асқан. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп.  Егер осы қарқынмен жүре берсек, жақын арада жарты миллиард долларға жетпек. Қазіргі күні Ақтөбеде мұнай және өзге де салалар бойынша онға жуық кореялық компания жұмыс істейді. Жалпы тек экономика емес, өзге салалар бойынша да екі ел арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын нығайып келеді", — деді облыс әкімі.

Ақтөбе — ауыл шаруашылығы және өзге де салаларды дамытуға  қолайлы аймақ. Облыс әкімі егер кореялық инвесторлар тарапынан қандай да бір ұсыныс болса, қолдауға әзір екенін білдірді.

Сондай-ақ аймақ басшысы еліміздің көп ұлтты екенін, олардың барлығына тілі мен салт-дәстүрін дамыту үшін жағдай жасалғанын айтты.

Оның ішінде кәріс халқының дәстүрі мен мәдениетін сақтауға барлық мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі күні Ақтөбеде кәрістердің  ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді. Өңірдегі осы ұлт өкілдері қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Биыл кәрістердің елімізге қоныстанғанына 80 жыл толады. Облыс әкімі осы тарихи күнді айырықша атап өту қажеттігін айтты.

"Қазақстан-Корей ынтымақтастығын дамыту орталығы" АҚ мен өңірдегі осы ұлт өкілдерінен шыққан кәсіпкер азаматтар бірлесе отырып, бұл тарихи күнді ескерусіз қалдырмау керектігін айтты.

Бұл ретте қандай да бір орталық немесе кешен тұрғызылса, екі ел арасындағы татулықтың белгісі ретінде көпке ұсынуға болады. Және осы бағыттағы жұмыстарды жергілікті билік қолдауға әзір. Осындай ұсыныстарды айтқан аймақ басшысы екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дами беруіне  тілектестігін білдірді.

Ал "Қазақстан-Корей ынтымақтастығын дамыту орталығы" АҚ директоры  Джонг Хи Ву облыс әкімінің лебізіне алғысын айтып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстың әлі де жандана түсетінін жеткізді. Оның айтуынша, кореялық инвесторлар ауыл шаруашылығы секілді маңызды салаларға  инвестиция салуға ынталы.

Сондай-ақ ол соңғы жылдары тек қана  экономикалық емес, мәдени байланыстың да нығайып келе жатқанын, облыс тарапынан түскен барлық ұсыныстардың қаралатынын айтты.

Кездесу соңында басшылар екі жақты меморандумға қол қойып, бір-бірлеріне естелік сыйлықтар ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу