Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров түркиялық B. ERGÜNLER және OYTAŞ компанияларының, сондай-ақ "Omer-S" ЖШС өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында аймақ басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды нығайту және облыстың инфрақұрылымдық әрі өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға халықаралық тәжірибесі мол компанияларды тартудың маңыздылығын атап өтті.
"Қазақстан мен Түркияны көпжылдық достық, өзара сенім мен стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынас байланыстырады. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор және сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды дамытуға кең мүмкіндік ашады. Біз түркиялық компаниялардың тәжірибесін жоғары бағалаймыз және іскерлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Ақтөбе облысы үшін жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру және жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру - басым міндеттердің қатарында. Компанияларыңыздың кәсіби тәжірибесі мен техникалық мүмкіндіктері өңірімізде өзара тиімді ынтымақтастық орнатып, нақты жобаларды жүзеге асыруға негіз деп сенемін", – деп атап өтті Асхат Шахаров. Кездесу барысында компания өкілдері өздерінің тәжірибесі мен мүмкіндіктерін таныстырды.
Тараптар жол құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
B. ERGÜNLER компаниясы 1994 жылы Түркияның Бурса қаласында құрылған. Оның автомобиль және теміржол құрылысы, көпірлер мен тоннельдер, энергетика нысандарын салу бағытында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Компания қатысқан жобалардың қатарында Анкара – Сивас теміржолы және жаңартылатын энергия нысандары бар.
Ал 2014 жылы Ыстанбұлда құрылған OYTAŞ компаниясы көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіптік және энергетикалық құрылыс салаларында жұмыс істейді. Компания автомобиль жолдары, көлік айрықтары мен гидроэнергетика нысандарын салуға маманданған.
Түркиялық компаниялардың Қазақстандағы серіктесі – "Omer-S" ЖШС. Кәсіпорын жол құрылысы, инженерлік желілерді тарту және құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысады.
Кездесу барысында компаниялардың мердігерлік жұмыстарға қатысуы, бірлескен кәсіпорындар мен консорциумдар құру, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жобаларды іске асыру жолдары қарастырылды.