Ақтөбе облысында 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі төмендеген

1187

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басышлары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.  

Ақтөбе облысында 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі төмендеген

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Кейін жиында өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жасалып, алдағы жылдың жоспары айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалатынын жеткізді. Облыс бойынша инфляция 107,5%-ды құрайды. Негізгі капиталға түсетін инвестиция 646,8 млрд. теңгені құрады. Бюджет қаржысының 355 млрд. теңгесі игерілді, сол көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы өңірлер арасында үшінші орында. Бюджеттің жоспарлау кезіндегі 99,8 миллиард теңгені құрайтын кіріс бөлігі 123,5 миллиард теңгені құрады.

Негізгі мақсаты ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту, ауыл аумақтарындағы инфрақұрылымдарды жаңғырту, оларды өңірлік стандарттар жүйесі параметрлеріне дейін жеткізу болып табылатын "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында 2019-2020 жылдары 107 мың тұрғыны бар 17 ауылда 6,6 млрд. теңгеге 39 жоба жүзеге асырылды. Биыл 72,5 мың адам тұратын келешегі бар 32 ауылда 7,7 млрд теңгеге 78 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 41,5 млрд. теңгеге 300 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды, 12 мың адам жұмысқа орналасты. 22 803 жаңа жұмыс орындары құрылып, оның 56%-ы тұрақты.

"Жол картасының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикамызда жұмыссыздық деңгейі 0,1% төмендеген жалғыз өңір. Осы жылы шағын және орта бизнеске микрокредит беру үшін 1,1 млрд. теңге, тағы 13,9 млрд. инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бөлінбек. "Еңбек" бағдарламасымен 54 248 адам қамтылып, 2 мыңдай адам мемлекет қолдауын пайдаланды, 1 357 адам 745 млн.теңгеге қайтарымсыз гранттар, 953 адам 4,6 млрд. теңге шағын несие алды. Көпшілік мақұлдаған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%, жастар арасындағы жұмыссыздық – 2,7% құрады", – деді Руслан Хамбаров.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу