Ақтөбе облысында 230-шы ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

436

Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Ноғайты ауылында "Ауыл құтқарушылары" жобасы аясында 230-шы ерікті өртке қарсы құралым өз жұмысын бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ақтөбе облысында 230-шы ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды Фото: ТЖМ

Жаңа өрт сөндіру бекеті Ноғайты және Айрық ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетіп, 1 600-ден астам адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Өрт сөндіру бекеті "САГИЗ ПЕТРОЛЕУМ КОМПАНИ" ЖШС-нің демеушілігімен кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен салынған. Нысан тәулік бойы жұмыс істеуге бейімделіп, кезекші құрамның қызмет атқаруы мен тынығуына қажетті барлық жағдаймен жабдықталған. Сонымен қатар арнайы техниканы орналастыруға арналған гараж және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.

Жаңа бекет заманауи өрт сөндіру автокөлігімен, арнайы техникалық жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл техникаларды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі тапсырды.

Сондай-ақ ТЖМ мамандары ерікті өрт сөндірушілердің кәсіби даярлығын арттыру үшін тұрақты түрде теориялық және тәжірибелік оқу-жаттығулар өткізеді. Бұл олардың төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы Ноғайты ауылдық округіндегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырып, өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға ықпал етеді.

"Ауыл құтқарушылары" жобасы шалғай елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Ерікті өртке қарсы құралымдардың желісін кеңейту арқылы ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын азайту көзделіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу