Ақтөбе облысында 27 инвестициялық жоба жүзеге асады

276

Оның жалпы құны - 201 млрд теңге.  

Ақтөбе облысында 27 инвестициялық жоба жүзеге асады Фото: primeminister.kz

Нәтижесінде жаңадан 800 жұмыс орны құрылады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Облыс экономикасының 90 пайызын өнеркәсіп саласы құрайды. Соңғы бір жылда жалпы өнім көлемі 2,5 трлн теңгеге жеткен. Өңірге инвестицялардың жаңа толқынын тарту үшін арнайы экономикалық аймақ құрылып жатыр. Арнайы тұжырымдама әзірленген. Әуежай маңынан жер учаскесі де бөлінді. Облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,1 трлн теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 9,5 пайызға артық.

"Биыл хром кенін өндіру 113 пайызға, хром консентратын шығару 121 пайызға, темір кенін өндіру 115 пайызға артады деп болжап отырмыз. Ферроқорытпа өндірісінде өсім 125 пайызға артуы тиіс.  Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі шамамен 2,7 трлн теңге болады. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 1,3 трлн, өңдеу өнеркәсібі 1,4 трлн теңгеге жетеді деген жоспар бар. Жүзеге асуы тиіс ең ірі жобаларды атап өтем, олар – ERG компаниясына тиесілі "Хромтау-1" жел-электр станциясының құрылысы және "Лиманное" кен орнын игеру", - деді Нұртуған Оралбаев.

Биыл жүзеге асуы тиіс ерекше жобаның бірі  – қой жүнінен құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыттың құрылысы. Енді шаруалар қырқылған қой жүнін далаға лақтырып тастамай, пұл ете алады. Аудандардан жүн қабылдау пункттерін ашу жоспарланған. Яғни, қосымша жұмыс орындары да ашылады.

Соңғы бір жылда өңірде  12 инвестициялық жоба жүзеге асып, 800-ден астам жұмыс орны құрылған болатын. Мәселен, "ERG” компаниясының тау-кен байыту  комбинатында 1973 жылдан бастап жиналған шлактарды қайта байыту комбинаты жұмыс істей бастады. Ішкі нарықты қажетті мұнай жабдықтарымен қамтамасыз ету мақсатында "Қазақстан мұнай жабдығы зауыты" мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру цехын іске қосты. Ал, "АЙС" кәсіпорыны сүт өнімдерін шығаратын жаңа цехтың жұмысын жолға қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу