Ақтөбе облысында 320 миллион теңгеге жуық қаржы игерілмеген

686

Ақтөбе облысында 320 миллион теңгеге жуық қаржы игерілмеген

Ақтөбе облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын-ала қорытындысы шығарылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаражатты тиісінше жұмсай алмаған лауазымды тұлғаларды сынға алды. Олардың қатарында 320 миллион теңгеге жуық қаржыны игермеген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да бар.

"Спорт мектептерін жарақтандыру, спорт инфрақұрылымын жақсарту үшін тиісті министрліктермен, ведомстволармен қаржы бөлу жөнінде жыл бойы жұмыс жүргізілді. Ал нәтижесі осы! Бұл жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Әсіресе әлеуметтік-мәдени сала нысандарына "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша бөлінген қаражаттың игерілмегені қынжылтады. Біздің мектептердің, балабақшалардың, жолдардың жай-күйін жақсы білемін. Мемлекет бізге жағдайды дұрыстау үшін, жақсарту үшін қаржы бөледі, ал біз оны игере алмаймыз. Жауапкершіліктен қашамын деп ойламаңыздар, олай болмайды", – деді өңір басшысы мемлекеттік бағдарлама әкімшілерінің басшыларына.

Жиын барысында облыс әкімі таяу болашақта атқарылуға тиіс  бірқатар тапсырманы нақтылады.

"Біз жылды қалай бастасақ, солай қорытындылаймыз. Өткен жылы атқарылған қарқынды жұмыс 2017 жылы да жалғасатын болады. Осы жылғы бюджет былтырғымен салыстырғанда 15 пайызға артты. Бөлінген қаражатты уақытында игеру үшін конкурстық процедураны дер кезінде өткізу маңызды. Біз халық игілігі үшін бірлесе отырып бұдан да артық жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі күні біз өткен жылы қандай кемшіліктерге жол бергенімізді саралап, қандай мәселелерге ерекше назар аударуымыз қажет екендігіне  көңіл бөліп, жұмыстың бірыңғай бағыттарын айқындауымыз қажет", – деп қорытты ойын Бердібек Сапарбаев.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу