Ақтөбе облысында 70,39 мың гектар алқапты шегіртке басуы мүмкін

717

ҚР АШМ 2021 жылы шегірткеге қарсы күрес шаралары туралы хабарлады.

Ақтөбе облысында 70,39 мың гектар алқапты шегіртке басуы мүмкін

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешініндегі мемлекеттік инспекция комитетінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Басқұдық, Жабасақ, Сарат, Ақтасты, Ақкөл және Құмкұдық ауылдық округтерінің аумағында шегірткенің итальяндық прус түрімен күрес бойынша фитосанитариялық қорғау шаралары жүріп жатыр.

Бұл жұмыстарға 9 бірлік техника, оның ішінде екі газ генераторы, бір ұшақ және 6 жер үсті бүріккіштері жұмылдырылыпты.

Сондай-ақ, комитеттен инсектицидтердің барлық қажетті көлемі аймаққа уақтылы жеткізілгенін, химиялық өңдеу қызметтерін атқаратындармен  алдын-ала келісімшарттар жасалғаны хабарланды.

"Әйтеке би ауданының аумағында "Энжио", "Локустин", "Зеленый Барьер", "Гринголд", "Вантэкс" және "Ципрофен" препараттарымен өңдеу жұмыстары  жүргізілуде",– дейді комитеттен.

ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің ақпараты бойынша биылғы жылы Ақтөбе облысында үйірлі шегірткелер 70,39 мың гектарға таралуы мүмкін деген болжам бар. Ал жалпы республика бойынша зиянкестердің 640 мың гектардан асатын алаңға таралуы мүмкін деп болжанып отыр.

"Пестицидтер мен химиялық өңдеу қызметтері барлық болжамды алаңға сатып алынды. Сонымен қатар, 223 мың гектарға жететін пестицид қоры бар.

Үйірлі шегірткелерді тиімді өңдеу үшін пестицидтердің түрлі топтарының препараттары сатып алынды.  Бұл бағыт бойынша облыс әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеу жүйесі әзірленді. Қазіргі уақытта облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылды, сондай-ақ мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жоспарлары бекітілді",– дейді ведомстводан.

Республиканың Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталыпты, ал Ақтөбе облысында италиялық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары жалғасуда екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу