Ақтөбе облысында бүйрек алмастыруды қажет ететін 320 адам есепте тұр

902

Ақтөбе облысында бүйрек алмастыруды қажет ететін 320 адам есепте тұр

Ақтөбелік дәрігерлер трансплантациялық оталарды өздері жасауға дайын. Тек мәйіттік донорға қатысты шудан кейін дәрігерлер жұмысы тоқтап қалған, деп хабарлайды aktobenews.kz.

"Күрделі оталар кезінде Оңтүстік Корея мамандарымен жұмыс жасап жатқанымызға екі жыл болды. Біздің дәрігерлер өздіктерінен бүйрек алмастыруға дайын. Бауыр алмастыру оталарына да дайынбыз. Келесі трансплантацияларды сырттан адам шақырмай өзіміз жасаймыз деп ойлаймын. Бірақ мұның барлығы күрделі ота саналады. Себебі науқастың ғана емес, донордың да жағдайы күрделеніп кетуі мүмкін. Биылдан бастап өз дәрігерлеріміз шетел мамандарының көмегінсіз трансплантациялық оталарды бастайды," - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ақтөбе облысында бүйрек алмастыруды қажет ететін 320 адам есепте тұр. Ал бауыр алмастыру отасына 54 адам кезігін күтіп жүр.

"Ота жасау қиындық туғызбайды. Мәселе донорда болып тұр. Туыстары келіспей жатады. Келіскендердің арасында сәйкес келмейтіндер көп. Өткен жылы алты адамға мәйіттен алып бүйрек ауыстыру отасын жасады. Жергілікті дәрігерлер жасады. Өткен жылы мәйіт туыстарынан рұқсат сұрамай ота жасалды деген шудан кейін бірде бір мәйіттік донор болған жоқ. Одан бірінші дәрігерлер қорқады, екінші бергісі келмейтіндер бар. Алдағы уақытта БАҚ көмегімен мәйіттік донорды жандандыру жөнінде жұмыстар жасалады деп ойлаймыз. Қаншама адамдар зардап шегіп отыр. Жұмыс жүрмей жатыр", - дейді бас дәрігер.

Облыс тұрғындарына өткен жылы 1278 мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген.

Оның ішінде 11 бауыр трансплантациясы, 35 бүйрек трансплантациясы, 100 тізе буын ауыстыру, 93 жамбас буынына ота және 358 кардиохирургиялық оталар жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу