Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз балық аулау фактісін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға Ырғыз ауылынан 75 шақырым жерде орналасқан Айкөл көлінде тіркелген. Полицейлер заңсыз балық аулады деген күдікпен алты жергілікті тұрғынды ұстады.
Тексеру барысында УАЗ, ВАЗ-2107 және УАЗ Patriot автокөліктері, екі үрлемелі қайық, ұзындығы 100 метрден асатын балық аулау торлары, сондай-ақ сазан мен шортан тұқымдас балықтар салынған 17 қап тәркіленді.
Тәркіленген көліктер аудандық полиция бөлімінің арнайы айып тұрағына қойылды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Қоршаған ортаға келтірілген залал көлемі тиісті сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.