Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі газ саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жиында газдандыру жобаларының іске асырылуы, газ тарату желілерінің жай-күйі және елді мекендерді табиғи газбен қамтудың алдағы жоспарлары талқыланды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, бүгінде облыстағы 319 елді мекеннің 208-і табиғи газбен қамтылған. Онда шамамен 903 мың адам тұрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 23 газдандыру жобасы жүзеге асырылып, 31 ауыл немесе 2 016 тұрғын алғаш рет табиғи газға қол жеткізді. Биыл Әйтеке би, Мәртөк және Ойыл аудандарындағы тағы 8 ауылды газдандыру жоспарланған. Бұл 3,7 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 2 126 адам тұратын бес елді мекенде газға қосу жұмыстары толық аяқталған.
Өңірде газдандыруды жалғастыру үшін республикалық бюджеттік комиссияға 5,5 млрд теңгеге сегіз жаңа жоба бойынша бюджеттік өтінім жолданған. Жобалар толық қаржыландырылған жағдайда табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 225-ке жетіп, 910,2 мың адам немесе облыс халқының 98%-ы көгілдір отынға қол жеткізеді.
Сонымен қатар 2027–2029 жылдары 40 ауылды қамтитын 15 жобаны іске асыру жоспарланған. Барлық жоспарланған іс-шаралар толық жүзеге асқан жағдайда табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 274-ке жетіп, бұл облыстағы барлық елді мекеннің 85,9%-ын құрайды. Ал халықты табиғи газбен қамту деңгейі 99,6%-ға, яғни 929,9 мың адамға дейін өседі.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Асхат Шахаров газдандыру жобаларының уақытылы аяқталуын, газ тарату желілерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды және қауіпсіздік талаптарын күшейтуді тапсырды.
"Газдандыру – өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз – әсіресе ауылдық елді мекен тұрғындарының табиғи газға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Сонымен қатар газ желілерін кеңейтіп қана қоймай, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып, қосылу мерзімдерін қысқарту және барлық артық әкімшілік кедергілерді жою маңызды", – деді Асхат Шахаров.