Ақтөбе облысында киік атушылар азаяр емес

1096

Олардың ішінде, басқа облыстардан келген аңшылар да бар.  

Ақтөбе облысында киік атушылар азаяр емес

Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері мен "Охотзоопром" РМҚК инспекторлары "Киік" шарасы кезінде Атырау облысы Жылыой ауданы тұрғынына тиесілі автокөліктен киік етін тауып, тәркіледі. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 339 баптың 1-1-бөлігі "Киікті заңсыз аулау, жою, сол сияқты заңсыз олжаланған киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, жөнелту, тасымалдау" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің жаңа бабы қолданылады. Оған үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі төнеді.

"Киіктер – қорғалатын жануарлар, жойылып бара жатқан түрлер ретінде Қызыл кітапқа енгізілген. Дәстүрлі емес медицинада киіктердің мүйіздерін пайдалану үшін, браконьерлер киіктерді жоюда. Киіктерді заңсыз аулау фактілері соңғы уақытта облыстың әртүрлі аудандарынан келіп түсуде. Қазіргі уақытта киік мүйізін көтерме сатып алумен және оларды алыс, жақын шет елдерге өткізумен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталған одан әрі қарайғы жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде", – деп атап өтті департамент бастығы Атығай Арыстанов.

Жедел алдын алу іс-шараларын өткізу кезеңінде мобильді топтар 150-ден астам рейдтік іс-шаралар өткізіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 88 фактісін анықтаған. Анықталған заң бұзушылықтардың жалпы санынан 79-ы бойынша жалпы сомасы 187 515 теңгеге әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылып, 118 065 теңге өндірілді, оның ішінде: 11-і - балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзғаны үшін, 68-і жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Акция барысында 9 жалпы саны қылмыстық іс қозғалған, оның ішінде, бесеуі – заңсыз аңшылық жасау, үшеуі – киік ату және мүйізін саудалау, тағы біреуі – сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін заңсыз пайдалану дерегі болып отыр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу