Ақтөбе облысында Тәйтай батырға ескерткіш қойылмайтын болды

1164

Бөлінген қаражат бюджетке кері қайтарылмақ. 

Ақтөбе облысында Тәйтай батырға ескерткіш қойылмайтын болды

Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Қарауылкелді ауылының тұрғындары Тәйтәй деген батырдың ескерткішіне облыстық бюджеттен 43 млн теңге бөлінгенін естігенде таң-тамаша қалған. Себебі олар мұндай батырды бұрын-соңды естіп-білмеген екен. Оның үстіне қазіргідей елде пандемия жарияланып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелері шешілмей тұрған кезде аса танымал емес тұлғаның тас мүсініне осыншалықты қаражат бөлгенге олар үзілді-кесілді қарсы. 

"Бұған дейін бұл жерде Тәйтай деген батыр болды деп адам баласы айтқан емес. Ол жайлы не ел аузында аңыз, әңгіме жоқ, не әдебиеттерде аты-жөні көрсетілмеген", – дейді ауыл тұрғыны Ұзақбай Кесік. Оның сөзін қостаған Рахметулла Бақытов "Тәйтай деген қазіргі Қостанай облысының әкімі, бұрын осы облыста басшылық еткен Архимед Мұхамбетовтің арғы атасы болып келеді екен. Бүйтіп шенеуніктердің әрбірінің ата-бабасын дәріптей берсек, ескерткіштен аяқ алып жүре алмай қалармыз", –деп күйінеді. 

Белгілі болғандай, Тәйтай батырға ескерткіш орнату жөніндегі ұсыныс Байғанин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ибраһим Ермекбаевтың тарапынан жасалыпты. Ол жиналыс өткізіп, тұрғындардың келіскені жөніндегі хаттаманы округ әкіміне береді. Аудан әкімі ұсынысты қабылдап, бюджеттен 43 млн теңге бөлінеді. 

Алайда қазіргі күні құрылыс тоқтаған. Берілген қаражат бюджетке кері қайтарылмақ. Қарауылкелділіктер оның орнына ауылдың үш көшесіне тас төсеп, аудандық аурухананы жабдықтауды сұрайды. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу