Өңірде жыл басынан бері 12 194 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр.
"Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың түрлі шараларына 12 194 адам тартылды. Оның ішінде 5 208 тұрғын тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының “10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны” бастамасы аясында 2 455 адам жұмыспен қамтылды", – деді Ләззат Оразбаева.
Сондай-ақ ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілуде. Биыл өңірде 116 жоба бойынша 3 343 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда 55 жоба іске асырылып, олардың аясында 1 615 адам жұмысқа орналастырылған.
Баспасөз конференциясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар да айтылды. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарға арнайы жұмыс орындары қарастырылып, пробация есебінде тұрған адамдарды еңбекке тарту үшін квоталар белгіленген.