Ақтөбе облысындағы базар өртінде 62 адамның тауары жанып кеткен

1156

Жерлестері оларға қаражатпен көмектесуде.

Ақтөбе облысындағы базар өртінде 62 адамның тауары жанып кеткен

Бұған дейін 16 қазан күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласындағы "Алан" базарының өртеніп кеткені жөнінде жазған болатынбыз. Қазіргі күні өрттің шығу себебі анықталып жатыр. 

Аяқ астынан шыққан тілсіз жау 62 сауда иесінің күнкөрісін тұралатып тастаған. Олардың сатып отырған дүниесі мен құрал-жабдығы өрт кезінде түгелдей жанып кетіпті. Белгілі болғандай, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және көпшілігі тауарын несиеге алған екен. Сол сияқты, араларында көп балалы отбасылар да бар. Қазіргі күні жергілікті тұрғындар қаражат жинап, оларға көмектесуде. Аудан басшылығы мұнай компаниялары мен бизнесмендерге өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдарынан келгенше қолдау білдіруді тапсырған. Өз кезегінде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы олардың несие төлемін, салық мекемесі салықтық төлемдерін тоқтата тұру үшін жұмыстануда. 

"Өртенген базар иесінің сол жерде тағы бір ғимараты бар еді, оның екінші қабаты бос тұрған, бұл кәсіпкерлерге сол жерді тегін беріп отырмыз. Оларда енді тауар қалған жоқ, қарызға алып сатады. Біз қазір саудагерлердің отбасы жағдайын қарап, мәліметтер жинап жатырмыз, мемлекеттік бағдарламалар бойынша көмек көрсетпекпіз", - дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Ержанов.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу