Ақтөбе облысындағы мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылды

161

Жалпы өңірде оқушы саны 1000-нан асатын 59 мектепте стоматологиялық кабинет ашу жоспарланып отыр.  

Ақтөбе облысындағы мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылды Фото: gov.kz

Аймақта 2025–2028 жылдарға арналған "Болашаққа – сау тіспен" Жол картасын іске асыру жалғасуда, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жоба аясында мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылып, ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау жұмыстары оқушылардың білім алатын жерінде жүргізіледі.

2025 жылы мұндай кабинеттер 14 мектепте ашылды: оның 12-сі - Ақтөбе қаласында, 2-еуі - аудан орталықтарында орналасқан.

2026 жылы тағы 15 кабинет ашу жоспарлануда. Оның ішінде 12-сі Ақтөбе қаласындағы, 3-еуі аудан орталықтарындағы мектептерде ашылады.

Жыл басынан бері 7847 оқушы профилактикалық стоматологиялық тексеруден өткен. 1719 баладан жеңіл және орташа дәрежедегі кариес анықталыпты. Стоматологиялық мәселелер анықталған жағдайда балаларға қажетті медициналық сүйемелдеу көрсетіліп, әрі қарай ем алу бойынша ұсынымдар беріледі.

Осындай кабинеттердің бірі былтырғы жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №56 мектепте жұмыс істейді.

"Баланың денсаулығы тістен басталады. Былтырдан бері мектебімізде стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Өткен оқу жылында мектептегі тіс дәрігері 2 265 оқушыны тексеруден өткізді. Балалардың тісін жұлмайды, тек сүйемелдейді, қажет болған жағдайда дәрігерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар стоматолог кластарда тісті дұрыс тазалау және ауыз қуысына күтім жасау туралы дәрістер өткізеді. Мұның барлығы балалар арасында ауыз қуысы мен тіс ауруларының алдын алуға бағытталған. Стоматологиялық кабинеттің барлық қажетті құрал-жабдығын №3 КДП қамтамасыз етеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды жұмыс. Себебі барлығы өскелең ұрпақтың дені сау болуы үшін жасалып отыр", – деді Ақтөбе қаласындағы №56 мектептің директоры Гүлнара Нарымбетова.

Мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің негізгі жұмысы – аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау. Жыл сайын оқушылардың ауыз қуысына жаппай тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша қосымша бақылауды немесе емді қажет ететін балалардың тізімі жасалады.

Балалардың бойында дұрыс әдет қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Стоматологтар профилактикалық сабақтар өткізіп, оқушыларға тісті дұрыс тазалау, оны қаншалықты жиі тазалау керектігін, сондай-ақ тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау жолдарын түсіндіреді.

Кабинеттерде балалар дәрігер-стоматологтары немесе дантистер жұмыс істейді. Сонымен қатар медициналық мейірбикелер процедураларды жүргізуге көмектесіп, құралдарды зарарсыздандыру жұмыстарын атқарады.

Осылайша, мектеп стоматологиясы облыста кариес пен басқа да ауруларды ерте анықтаудың ғана емес, сонымен қатар ауыз қуысына күтім жасау мәдениетін бала кезден қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігіне айналып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу