Ақтөбе облысындағы жол апатынан кейін тасжолды кеңейту жұмыстары басталды

85

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қайғылы жол апатынан кейін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.  

Ақтөбе облысындағы жол апатынан кейін тасжолды кеңейту жұмыстары басталды Фото: Видеодан скриншот

23 қазанда "Самара–Шымкент" тасжолында жол апаты орын алған еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тасжолдың 927-шақырымында жүк көлігі мен "Газель" көлігі бетпе-бет соқтығысып, екі жүргізуші және "Газельдегі" 10 жолаушы – барлығы 12 адам, оның ішінде екі жасөспірім оқиға орнында көз жұмды.

Полицияның мәліметінше, Өзбекстан азаматы басқарған "DAF" жүк көлігі Хромтаудан Қарабұтақ бағытында келе жатып, рөлге ие бола алмай қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан жолаушылар жүк көлігімен соқтығысты. Оқиғаға қатысты әкімнен кінәліні анықтау туралы сұралғанда, ол тергеу жалғасып жатқанын айтты.

"Бұл мәселе ерекше бақылауда. Үкіметтік комиссия құрылды. Тергеу жүріп жатқанда алдын ала қандай да бір баға бере алмаймыз", – деді Асхат Шахаров.

Әкім алдағы уақытта мұндай апаттардың алдын алу үшін тасжолда бірқатар өзгеріс енгізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, көлік ағыны өте жоғары, жолдың өткізу қабілеті "тар мойынға" айналған. Күніне 15–16 мың көлік, негізінен жүк машиналары осы учаскеден өтеді.

"Жолды төрт жолаққа кеңейту туралы шешім қабылданды. KazAutoZhol жұмысты бастады. Алғашқы 28 шақырымдық бөлік тапсырылды. Алда тағы алты учаске бар", – деді әкім.

Бұған қоса, жолдағы бақылауды күшейту үшін полиция патрулі артты.

"Полиция департаменті патруль санын 8-ден 20 қызметкерге дейін көбейтті. Тәулік бойы бақылау күшейтіледі", – деді Шахаров.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу