Ақтөбе облысының әкімі шетелдік қатысудағы компанияның әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге шақырды

1146

Ақтөбе облысының әкімі шетелдік қатысудағы компанияның әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге шақырды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс бабындағы сапармен Хромтау ауданында болып, "Орыс мыс компаниясы" жабық акционерлік қоғамы холдингі құрылымына енетін "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС және "Коппер Технолоджи" ЖШС-ының 2016 жылы өндірістік бағдарламалар мен ұжымдық келісім-шартты орындауы туралы есепті жиынға қатысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
"Ақтөбе мыс компаниясы" – облыстағы 10 жыл шамасында еңбек етіп келе жатқан ең ірі компаниялардың бірі. Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көп жағдайда осындай кәсіпорындардың қызметіне байланысты, сондықтан да біз сіздердің тұрақты жұмыс істеулеріңізге мүдделіміз. Жалпы алғанда 2016 жылдың қорытындысы бойынша компания кейбір төмендеулерге қарамастан, алға қойылған міндеттерді орындады, – деді Бердібек Сапарбаев.
"Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС бас директоры Александр Сизиков 2016 жылғы кәсіпорынның өндірістік қызметінің қорытындылары, сондай-ақ ұжымдық келісім-шарттың орындалуы туралы айтып берді.
2016 жылы мыс кенін өндіру мен мыс концентраты өндірісінің төмендеуіне қарамастан, компанияның ұжымдық келісім-шарт талаптарын орындағаны атап көрсетілді. Негізінен еңбекақы төлеу мерзімі бұзылған жоқ, ал орташа жалақы "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС-да 3,4%-ға, "Коппер Технолоджи" ЖШС-да 3,7%-ға ұлғайған. Жұмысшыларға әлеуметтік төлемге қатысты да ілгерілеулер бар.
Өңір басшысы кәсіпорын басшылығының назарын еңбекақыны 10%-дан кем емес деңгейде ұлғайту, тауарларды сатып алуда қазақстандық құрамды молайтуға, шағын-орта бизнесті дамыту бойынша Әріптестік бағдарламаны неғұрлым тиімді жүзеге асыруға аударды.
Бердібек Сапарбаев соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қандай да бір жобаның жүзеге аспағанын атап көрсетті. Бұл мәселені талқылау барысында "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Хромтау қаласында заманауи спорт кешенін және Ақтөбе қаласында балалар бақшасын салып беретін болып келісімге келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу