Ақтөбе облысының шалғай ауылдарына газ жетті

871

Тұрғындардың жарты ғасыр күткен арманы орындалды.

Ақтөбе облысының шалғай ауылдарына газ жетті

Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданының Жұрын, Елек ауылдарына газ жүргізілді. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Елек ауылында барлығы 106 үй мен үш әлеуметтік нысан бар. Бұдан бөлек, кезекте тұрғандарға жеке тұрғын үй салуға беру үшін 208 жер телімі дайындалған.

"Мен осы ауылда тудым және өмір бойы осында тұрып келем. Газды 54 жыл күттім. Бұл жаңалық біз үшін үлкен қуаныш болды. Үй тірлігі кішкене азайды. Бұл – біраз үнем, мен қысқа көмір мен ағаш сатып алу үшін жылда 200 мың теңгедей жұмсадым", – дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Ыбырашева.

Сондай-ақ көгілдір отын Жұрын ауылына жеткізілді. Енді елді мекеннің үш жүзге жуық үй мен алты әлеуметтік нысаны газбен қамтылмақ.

Айта кетейік, ауыл тұрғындарын газбен қамтуға 229 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, 4,7 шақырым газ құбыры төселген. Қазіргі күні әлеуметтік нысандарды, соның ішінде алғашқы кезекте мектептерді газ құбырына қосу – басты назарда ұсталып отыр.

Ауылдардың барлық коммуналдық игіліктермен қамтылуы халықты тұрақтандырып, әлеуметтік-экономикалық дамуға жол ашады деп күтілуде. Қазірдің өзінде бұл жерлерден бұрынырақ көшіп кеткендер қайта оралып, үй сала бастаған. Елдімекендердің бір артықшылығы – осы тұстан өтетін үлкен магистральді жол бойынша орналасқан. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу