Ақтөбе қаласында шыны ыдыс өндіретін зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Жобаның құны 150 млн доллардан асады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келісімге Шымкентте өткен жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR 2026) аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен "Aktobe Steklo" ЖШС қол қойды.
Жаңа кәсіпорын жылына шамамен 256 млн дана шыны ыдыс өндіре алады. Зауыт заманауи сұрыптау жүйелерімен және қайта өңделген шикізатты пайдаланатын технологиялармен жабдықталады. Өнім ішкі нарыққа жеткізіліп, көршілес елдерге экспортталады.
Жоба аясында құрылыс кезеңінде кемінде 500 жұмыс орны ашылады. Ал зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар кәсіпорында шыны өнеркәсібінің халықаралық стандарттарына сай қазақстандық мамандарды даярлау жүйесі құрылады.