Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Алтын Орда ықшам ауданында салынып жатқан жаңа футбол стадионының құрылыс алаңына барып, өңірдегі ең ірі спорттық жобалардың бірінің жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа стадион 34 980 көрерменге арналған және халықаралық талаптарға сай заманауи спорт нысаны болмақ. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Түркиялық мердігер компания өкілі Фатих Татлыпаямның айтуынша, компанияның әртүрлі елдерде жиырмаға жуық стадион салу тәжірибесі бар. Ол нысанда іргетас құю, бетондау және монолиттік жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Біздің ең ірі жобамыз – Анкарадағы стадион. Оның құрылысы биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Біз спорттық және туристік инфрақұрылым нысандарын салумен айналысамыз. Қазір Ақтөбедегі стадион құрылысын жүргізіп жатырмыз. Нысан он блоктан тұрады. Соның бірінде іргетас құю және бетондау жұмыстары атқарылып, бағаналарды монтаждау жүргізілуде. Үшінші блокта монолиттік жұмыстар жалғасып жатыр, ал бесінші блок толықтай бетон құюға дайын. Биылғы жылдың соңына дейін монолиттік жұмыстардың негізгі бөлігін аяқтап, нысанның темірбетон қаңқасын тұрғызуға кірісуді мақсат етіп отырмыз", – деді ол.
Қазір құрылыс алаңында 152 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыс көлеміне қарай бұл көрсеткіш артып, негізгі инженерлік және техникалық жұмыстар кезеңінде 700 адамға дейін жетеді деп күтілуде.
Асхат Шахаров стадионның тек спорттық нысан ғана емес, сонымен қатар өңірдің туристік және мәдени дамуына ықпал ететін маңызды инфрақұрылым болатынын айтты. Оның сөзінше, мұнда ірі спорттық шаралармен қатар концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге мүмкіндік жасалады.
"Өңірде футбол қарқынды дамып келеді. Жаңа стадион шамамен 35 мың көрерменге арналған және ол тек футбол матчтарын өткізу үшін ғана пайдаланылмайды. Сыйымдылығының арқасында мұнда ірі мәдени іс-шаралар мен концерттер өткізуге мүмкіндік болады. Елден асып танылған дарынды жерлестеріміз бар, болашақта олар осы алаңда өнер көрсете алады", – деді Асхат Шахаров.
Аймақ басшысы құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатқанын және нысанның жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.