Ақтөбеде әлеуметтік дәріхана жоқ

1346

Ақтөбеде әлеуметтік дәріхана жоқ

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығын сынға алды. Сондай-ақ дәріханаларда зейнеткерлер мен  әлеуметтік жағынан осал топтарға жеңілдіктер жасалмайтынын және  әлеуметтік дәріханалардың жоқтығын айтты.

"Ақтөбе қаласындағы он шақты дәріхананы тексерттім.  Бірде біреуінде пайыздық жеңілдік жоқ. Қайда отыз пайыз жеңілдік? Дәрілік заттардың бағасын өсірмеу туралы меморандумға қол қойылды. Нәтитжесі қайда? Әкімдік аппаратының мамандары  Алға, Шалқар, Қобда, Ойыл аудандарына мониторинг жүргізген. Бірқатар дәрілік заттардың бағасы өз бағасынан жоғары сатылған. Дәріханада 95 теңгеден сатылуы тиіс  долана шырыны  255 теңгеден сатылып жатыр. Мия тамыры шырынының келісілген бағасы —  250 теңге. Ал ол 350 теңгеден сатылады. Бұл импорт емес, неге қымбат сатылады? Меморандумның нәтижесі осы ма?  — деген өңір басшысы медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Сабырдың жұмысын сынға алды. 

Өткен жылы бағаны тұрақтандыру мақсатында  облыс әкімдігімен фармацевтикалық компаниялар арасында  меморандумға қол қойылған. Алайда нәтижесі облыс басшысының көңілінен шықпады. Сондай-ақ облыс басшысы әлеуметтік дәріханалардың жоқтығын сынға алды. Әкімнің бұл сынына  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жауап берді. Оның айтуынша, бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр, жақын аралықта әлеуметтік дәріханалар ашылмақ.

Қазіргі таңда облыста медициналық және фармацевтикалық бұйымдарды сату және таратумен  айналысатын 601, фармацевтикалық өнім шығаратын 4 мекеме бар.

Сондай-ақ департамент басшысы Қайрат Сабырдың мәліметінше,  өткен жылы 81 тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде фармацевтикалық қызметті атқаруға лицензиясы жоқ және дәрілік заттарды сақтау ережелерін бұзған мекемелер анықталған. Тіпті кодеин бар дәрілік заттарды рецептісіз сатқан дәріханалар мен медициналық ұйымдар да болыпты.   

Қазіргі күні өңірде фармацевтикалық білімі бар  723 маман қызмет атқарады. Оның ішінде жоғары білімді маман саны — 223. Дегенмен білікті маман тапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу