Ақтөбеде асылтұқымды деп сатып алған жылқылардың құжаты болмай шықты

331

Cпорт мектебіндегі заңбұзушылықтарды аудиторлар анықтап отыр.

Ақтөбеде асылтұқымды деп сатып алған жылқылардың құжаты болмай шықты Фото: inbusiness.kz

Ақтөбедегі облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі былтыр көкпарға жаратылған 13 ат қажет деп мемлекеттік сатып алу жариялайды.

Ол үшін қазынадан 35 млн 300 мың теңге қаралады. Байқаудың техникалық сипаттамасында жануардың жасы, асылтұқымды, шабаондозға ыңғайлы, ойнап тұрған ат болуы керектігі нақты жазылады. Бірақ, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеріс жүргізгенде, он үш бас жылқының "асылтұқымды" екенін дәлелдейтін төлқұжаты болмай шыққан. 

"Бізге жеке тұлғалардан шағым түсіп, соның негізінде аудиторлық іс-шара жүргіздік. Тексерген кезде сатып алған жылқылардың асыл тұқымдылығы туралы паспорттарының жоқ екенін анықтадық. Демек, мемлекеттік сатып алуды жүргізу техникалық ерекшелігіне сәйкес келмейтін товарлар сатып алды деген сөз. Аудиторлық объектіге нұсқама жолданды әрі  құқық орғау органдарына да жіберіледі", – деді Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.

Былтыр сатып алған 13 бас тұлпардың екеуі өлген. Қалғандарын жарысқа шығып жүр. 

"Бұл аттарды менің алдымда болған директор қабылдап алған. Бәрін сипаттап жазған ғой, бірақ, олар асылтұқымды емес. Әйтпесе, ондай аттардың нарықтағы бағасы одан да қымбат. Қазір әртүрлі аттарды алып келеді. Мысалы, жабы да болуы мүмкін. Жалпы, сондай төмен болмасын деп айтқан ғой. Техсипаттамаға жазылғанда байқауға қатысып жатқан адамдар біледі. Қарапайым, мына жабы аттарды алып келмесін, ең болмаса, әйтеуір қаны болсын деп айтамыз ғой", – деді Ақтөбе облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абат Аймағамбетов.

Қазір ат спорты мектебінің иелегінде 41 бас жылқы бар. Тәриеленушілерді көкпардан бөлек, жамбы ату, теңге ілу сияқты спорт түрлеріне баулуға пайдаланады. Арасында тек оқу-жаттығу мақсатында пайдаланатындары да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу