Ақтөбеде "Сәби" қайырымдылық қорының қолдауымен 110 орындық, құны 1, 6 млрд теңге болатын жетім балаларға арналған әлеуметтік үй ашылды. Ғимараттың ашылуына "Сәби" қайырымдылық қорының құрылтайшысы, танымал меценат Кеңес Рақышев пен қор президенті Әсел Тасмағамбетова қатысты, деп хабарлайды abctv.kz тілшісі.
Аумағы 2,7 гектар болатын алаңға жаңа жиһаздар және қажетті коммуникациялармен жабдықталған 43 шаршы метрлік жайлы пәтерлері бар төрт екі қабатты таунхаус салынған. Бұл жерде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 29 жасқа дейінгі 88 бала орналасады. Сондай-ақ тәрбиеленушілер кешеннің аумағындағы шаштараз, гүл дүкені, жылыжай, аяқ киім жөндеу және киім тігу цехтары секілді оқыту-өндірістік орындарында еңбек етеді.
Жаңа орталық мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы. Қажетті жаттығу құрылғылары бар емдік дене шынықтыру залымен, көп функциялы спорттық және жаттығу алаңдарымен қамтамасыз етілген. Облыс әкімі тәуелсіздік алған жылдардан бастап Мемлекет басшысы тарапынан халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына, әсіресе ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.
Атқарылған жұмыстардың арқасында өңірде нақты нәтиже бар, яғни 490 жетім бала патронаттық қолдауға ие болып, олардың "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі" шоттары 30 млн. теңгеге толыққан.